“Интураңшы хикаясы” циклынан Ел азаттығының алғашқы жылдарында Қазақстанға шетелдік аңшыларды шақыру үрдісі белең алғанын көпшілік біле бермес. Ол заман – күйреген кеңестік империяның қалдығынан жаңа текті мемлекет құрып, нарықтық қатынастарға өтіп жатқан алмағайып ауыр жылдар-ды. Шаруашылықтар өтпелі кезеңнің тауқыметінен аман шығудың амалын іздеп аласұрған алаңы көп шақ-ты. Әркім жан сақтаудың өзінше алуан айла-шарғысын жасап баққан қысылтаяң қиын кез-ді. “Интурохота”, яғни қазақша айтқанда “интураңшылық” (шетелдік туристік аңшылық) деген термин де дәл осы өліара мезгілде пайда болып, тұрлаусыз бұл тірлік тоқсаныншы жылдары әжептәуір қарқын алған болатын. Осы бір қиын-қыстау кезеңде Өр Алтайдағы іргелі бір ауданның аңшылық шаруашылығын басқарған досым Ерен Жұмағұловтың айтқан әңгімелерін жеке цикл етіп, оқырманға ұсынғанды жөн көрдім. Қайсыбір жылы Алтайға аңшылар Голландиядан келді. “Ян мен Саския Снайдерс деген ерлі-зайыпты кісілер бара жатыр, жөнімен қарсы алыңдар” деп облыстан тапсырма түсті. Бастықтар иек қақса бізде жан қала ма, зыр жүгіріп кеттік. Шақабай шыңының құз шатқалының етегіне, Күрті дейтін айқұлақ асау өзеннің жағасына жарқыратып аппақ киіз үй тігіп тастадық. Қойымызды сойып, қазанымызды көтеріп, шетелдік екеудің алдына дастарқан жайып ала шапқынбыз. Жатып жастық, иіліп төсек болып әбігерміз.





